Тоқаевқа шетелде жасырынған қылмыскерлерді іздестіру туралы баяндалды.
Мемлекет басшысы Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады. Президент елдегі заңдылықтың жай-күйі және қадағалау қызметінің басым бағыттары бойынша жұмыс қорытындылары туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды BaigeNews.kz Ақордаға сілтеме жасай отырып.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа шетелде жасырынған қылмыскерлерді іздестіру және құқықтық көмек көрсету бойынша халықаралық ынтымақтастықтың нәтижелері туралы баяндалды. Бірқатар резонанстық қылмыстық істер бойынша күдіктілер ұсталып, сот төрелігін жүзеге асыру үшін Қазақстанға қайтарылды.
Мемлекет басшысы активтерді қайтару мәселелері бойынша беделді халықаралық ұйымдармен, оның ішінде Еуропа Кеңесімен, Интерполмен, ЭЫДҰ және ЕҚЫҰ-мен өзара түсіністікке қол жеткізілгені туралы хабардар етті.
Берік Асыловтың айтуынша, ел экономикасына 2,7 триллион теңге салған 220 инвесторға құқықтық көмек көрсетілді. Осы жұмыстың нәтижесінде инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына деген сенім деңгейі артады. Кездесу барысында өңірлердегі тікелей инвестицияларды тарту бойынша істердің нақты жағдайы қаралды.
Президентке елдегі қылмыстық ахуал және қылмыстық-құқықтық саладағы азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы есеп берілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі заңдылықты одан әрі нығайту, азаматтарды, оның ішінде кәсіпкерлерді қылмыстық элементтерге қол сұғушылықтан қорғау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларға қатысты уәкілетті органдардың шешімдері бойынша "прокурорлық сүзгіні" тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте ол аталған органдардың тартылатын инвестициялар туралы деректерінің дұрыстығы үшін бақылауы мен жауапкершілігін күшейту қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ, Президент шетелге заңсыз шығарылған активтерді іздеуге және қайтаруға бағытталған заманауи технологиялардың кең спектрін қолдану қажеттігін атап өтті.